АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысында мал бағып жүрген екі оқушы көне жәдігерлер тапты.
Қаракемер ауылының екі оқушысы Артем Муравьев пен Жұмабай Қасымхан Төрткөл төбешігінен ойнап жүргенде зергерлік бұйымдарды тапқан. Басында қоқыс деп ойлаған. Бірақ жартылай көмілген тарихи олжаны қазып алып, мұғалімдеріне апарып көрсеткен, деп жазады Almaty арнасы.
"Төрткөл төбесіне шыққан кезде ауыл әдемі көрінеді. Жүріп бара жатқанда аяғым шалынып қалды. Қазып алдым да, мектепке әкелуге асықтым", - дейді Артем.
Тарих пәнінің оқытушысы жәдігерлер жайлы ақпарат алу үшін Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығына барған. Орталық мамандардың айтуынша, бағалы бұйымдар табылған аймақ – Ұлы Жібек жолының қосалқы тармағында орналасқан. Ол жерде Адахкент елдімекені болған.
"Қалада кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Алайда жергілікті тұрғындардың тапқан жәдігерлері VII-XII ғасыр аралығын қамтыған қала тіршілігінен сыр береді", – деді тарихшы Сауран Қалиев.
Төрткүл қалашығынан табылған жәдігерлерге ұқсас заттар бұдан бұрын көне Тараз қалашығында қазба жұмыстарын жүргізу барысында кездескен. Олар қазір мұражайда тұр.