Өңірлер

Павлодарлық полицейлер итті атып, өзі қашып кеткен жүргізушіні іздестіріп жатыр

Sputnik
ПАВЛОДАР, 2 ақпан - Sputnik. Павлодарлық тәртіп сақшылары көлік тұрағында итке оқ атқан жүргізушіні іздестіріп жатыр, деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кеше, 1 ақпанда белгісіз жүргізуші итті атып тастап, көлігіне отырып кетіп қалған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Олар оқиға орнын қарап шығып, бейнебақылау камерасынан түсірілген бейнені зерттеді.
"Қылмыстық кодекстің 316-бабы (Жануарларға қатыгездік көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - деді Павлодар қаласының Оңтүстік полиция басқармасының бастығы Павел Павлов.
Тәртіп сақшылары қазір бұл фактіге қатысы бар тұлғаларды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Иттің жағдайы ауыр, хайуанаттар бағының еріктілерімен бірге ветеринарлық клиникаға жеткізілді.
Осы бап бойынша кінәліге 120 АЕК (414 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға не 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы да қарастырылған. Ал ит аман қалмаса, жаза бұдан да қатал болады.