АСТАНА, 1 ақпан – Sputnik. Қазақстандық ата-аналарды балалардың әлеуметтік желілерге тәуелділігі жиі мазалайды. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол "Қазақстандық отбасылар-2022" ұлттық баяндамасын таныстыру барысында қазіргі ата-аналар бала тәрбиесінде қандай қиындықтар мен проблемаларға тап болатынын айтты.
"Қазіргі заманның ата-аналарын мазалайтын негізгі проблемалар – балалардың гаджеттерге, әлеуметтік желілерге және интернетке тәуелділігі, ауладағы көліктерден балаларға төнетін қауіп; балаларға арналған үйірмелер мен секциялардың сапасы мен қолжетімділігі мәселесі", - деді Батталова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ұлттық баяндамада "Касперский зертханасының" мәліметтері келтірілген. Оған сәйкес, 8-14 жас аралығындағы балалардың 58%-і желідегі кейбір әрекеттерін ата-анасынан жасырады.
Олар ата-анасы болмаған кезде интернетті қолданады (18 %), өз құралдарына құпиясөз қояды (16 %), браузерге кіргенін көрсетпейді (10 %).
"Осының барлығы ата-аналарды алаңдатады. Қазіргі балалар бұл салада ата-анасы мен ата-әжесіне қарағанда әлдеқайда сауатты және бұл проблема тудырады. Өйткені бақылау мен қауіпсіздікті аға буын қамтамасыз етуі керек, ал олар бүгінде дәрменсіз. Ата-аналар жаңа дағдыларды қиындықпен, баяу игереді", - делінген баяндамада.
Сондай-ақ сауалнама нәтижесі көрсеткендей, ер адамдардың балаларымен бірге уақыт өткізуіне жұмысбастылық (34,8%), ал әйелдерге – үй шаруасының көп болуына байланысты уақыт тапшылығы (12,3%) жиі кедергі келтіреді.
"Бұл қазақстандық қоғамда рөлдердің дәстүрлі бөлінуін көрсетеді. Яғни әке "асыраушы", "табыс табушы", ал ана үй қызметі мен үй шарушылығын бірге атқарады", - деп түйіндейді ұлттық баяндама авторлары.