АЛМАТЫ, 1 ақпан – Sputnik. Алматыда өзін әділет департаментінің қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтар көбейген. Осыған байланысты қалалық әділет департаментінің өкілдері шұғыл брифинг өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Атқару өндірісін қамтамасыз ету жөніндегі бөлім басшысы Әнуар Жексеновтың айтуынша, алаяқтар телефон арқылы өзін әділет департаментінің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіріп, қаржысын сыпырып алады.
"Арам пиғылды алаяқтар жалған өнімді интернет, әлеуметтік желі арқылы жоғары бағамен сату схемасы арқылы жасайды. Ал алданған тұрғындармен келісім жасалғаннан кейін барлық телефонды өшіреді", - деп түсіндірді Әнуар Жексенов.
Әрі қарай алаяқтар алданған жәбірленушілерге өзін әділет департаментінің қызметкері ретінде таныстырып, телефон шалады, алаяқтардың ұсталғаны туралы хабарлайды, жалған куәліктер береді және өтемақы төлеуге уәде береді. Алайда алдын ала комиссия түрінде төлем талап етеді.
Әділет департаменті материалдық-қаржылай өтемақы төлемейтінін ескертті.
"Осындай фактілер өткен жылдың желтоқсан айының басынан тіркеле бастады. Әділет департаменті Алматы қаласының полиция департаментіне барлық дәлелмен арыз жолдады, қазіргі уақытта арыз тергеу сатысында тұр. Соған қарамастан, алаяқтар күні бүгінге дейін адамдарды алдап келеді", - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Алмас Бекботаев.
Ведомство өкілдері тұрғындарды өз туыстарына, достары мен таныстарына алаяқтық фактілері туралы ескертуге, алаяқтардың арандатушылықтары мен үгіттеріне сенбеуге шақырды.
Осындай оқиғалар болған жағдайда +77772522323 телефонына хабарласып, Алматы қаласы әділет департаментінің қазіргі қызметкерлері туралы ақпарат алуға болады. Сонымен қатар қызметкерлердің тізімі департаменттің ресми сайтында жарияланған.