АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрлігі иммигранттар үшін Қазақстанға визасыз кіру және жүру мерзіміне қатысты талапты күшейту себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұрын Қазақстанға визасыз кірген шетелдіктер елде болу мерзімін жаңарту үшін "визаранды" пайдаланған, яғни, Қазақстаннан шығып, қайта кірген. Осылайша, тағы біраз уақыт жүруге мүмкіндік болған.
Жаңа тәртіпке сәйкес, Қазақстанға визасыз кіре алатын шетелдіктер елде 30 күн жүре алады. Бірақ 180 күнде (6 айда) жалпы елде болған уақыты 90 күннен аспауы шарт. Осы талап ЕАЭО азаматтарына да қатысты.
"Визаранды" алып тастаудың себебі айқын. Көші-қон заңнамасы сақталуға тиіс. Қазақстанда ұзақ уақыт жүрсе, бір жерде жұмыс істейді деген сөз, жай жүрмейді ғой. Ол үшін бізде тиісті талаптар бар, уақытша тұруға ықтиярхат алу керек. Осының бәрін айналып өту үшін олар әрі-бері жүре берген", - дейді министрлік мамандары.
Ішкі істер министрлінің өкілі Шұғыл Тұрлыбектің айтуынша, жаңа тәртіп 27 қаңтардан бастап енгізілді. Оны бұзған адамдар үшін Қазақстанға кіру жағынан шектеу қойылады.
Айта кетері, жаңа шектеулер визамен келген иммигранттарға және уақытша тұруға рұқсаты бар шетелдіктерге қатысты емес. Олар құжатта көрсетілген мерзімді сақтауға міндетті.