АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Өкілетті органдар банкроттыққа өтініш берген азаматтың отбасы мүшелерінің де жеке мүлкі мен табысын тексереді. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер "банкрот деп танылатын адамның тек өзінің төлем қабілеті қарала ма, жоқ әлде жақын туысының, мысалы әйелінің табысы ескеріле ме?" деп сұрады.
"Банкроттық процедурасы кезінде біз азаматтың мүлкі, отбасының мүлкі немесе қарызы, басқа да активтері бойынша мағлұматты жинаймыз. Егер де банкроттық кезінде жалған ақпарат ұсынғаны немесе өз мүлкін отбасы мүшесіне аударғаны анықталса, әлгі азамат бұл процедурадан өтпейді. Сондықтан біз банкроттыққа әдейі өтініш беру процедурасын тоқтату үшін барлық ақпаратты жинаймыз", - деп жауап берді Ержан Біржанов.
Осы орайда журналистер "мысалы, әйелінің автокөлігі бар делік, егер күйеуі банкроттыққа тапсырса, ортақ мүлікке не болады?" деп нақтылады.
"Өте дұрыс айтасыз. Егер некелескеннен кейін ерлі-зайыптының ортақ мүлкі болса, бұл мүлік банкроттық процедурасы кезінде өтініш берушінің қосымша активі ретінде саналады, тексеріледі. Мысалы автокөліктен басқа жекеменшік пәтері немесе үлесі болса, ол қарызын төлеуге мүмкіндігі бар азамат ретінде қарастырылады. Банкроттыққа өткізілмейді", - деп түсіндірді вице-министр.
Айта кетері, банкроттыққа өтініш беру 3 наурызда басталады.