Банкрот болған қазақстандық шет елге шыға ала ма

© Pixabay / csamhaberБос қалта
Бос қалта - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.01.2023
Жазылу
Банкроттыққа өтініш қабылдау 3 наурызда басталады
АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Банкрот деп танылған Қазақстан азаматтарына шекарадан шығуға ешқандай шектеу қойылмайды. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, кей елдерде банкрот болған адамдарға шетелге шығуға тыйым салынады. Бірақ Қазақстан заңнамасында мұндай норма жоқ.
Тек сот банкроттығы бойынша процедура жүргізілетін кезеңде ғана ел аумағынан шығуға болмайды.
"Біздің заңнамада тек қана екінші тәсіл (сот банкроттығы) бойынша сотқа жүгінген кезде, процедура алты ай қаралатын кезде ғана шектеу қойылады. Себебі процедура созылып кетуі мүмкін. Азамат сотқа жүгініп, шет елге шығып кетсе, процедура тоқтап қалады. Сондықтан нақты шешім қабылданға дейін шектеу қойылады", - деп түсіндірді Біржанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол банкроттық алғаннан кейін адамға ешқандай шектеу қойылмайтынын атап өтті.
"Шешім қабылданды ма, екінші күннен бастап шетелге шығуға мүмкіндігі бар.Шекарада ондай шектеу жоқ", - деді вице-министр.
Еске салсақ, банкроттыққа өтініш қабылдау 3 наурызда басталады.
Қарызын төлей алмай жүрген қазақстандықтар 3 түрлі рәсім бойынша кредитінен құтыла алады.
Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Мына шарттар сақталуы қажет:
борыш 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
кредит 12 ай бойы өтелмеген болуы керек;
меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін жасалады.
Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.
Екінші рәсім – сот банкроттығы. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.
Үшінші рәсім, бұл – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі көзделеді. Оның артықшылығы – азамат "банкрот" деп саналмайды. Демек банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.
Жаңалықтар
0