Су тасқынына дайындық жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жедел шаралар қабылдау мәселесі қаралды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында 31 қаңтар мен 4 ақпан аралығында қар араласқан қатты жауын-шашын болып, температура көтерілетінін хабарлады. Оның айтуынша, қалың қардың еруінен су жиналып, мұз күрт еріп, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін.
Осыған байланысты Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Жетісу облыстарына 30 қаңтардан бастап азаматтық қорғау бөлімшелерінің жұмысы күшейтілді.
Премьер-министр өңірлердің әкімдіктеріне ТЖМ-мен бірлесіп, қажетті шұғыл шаралардың барлығын қабылдауды тапсырды.
"Қазір бізге су тасқынына дайындық шараларын күшейту керек. Ауа райының күрт жылынуынан тасқын қаупі туындап отырғанын көріп отырмыз. Бұл бағытта тиісті іс-шараларды жедел үйлестіру үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған арнайы үкімет комиссиясыжұмысын бастайды", — деді Смайылов.