АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Бас прокуратура Қазақстанда терроризм актісі туралы жалған хабар таратқандар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді жоспарлап отыр.
"Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп терроризм актісі туралы жалған хабар таратқандар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту және құқық бұзушылықтың бұл түрін ауыр қылмыс санатына жатқызуды және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімін қарастыруды пысықтап жатыр", - деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.
2022 жылы республикада терроризм актісі туралы жалған хабарламалар көбейіп, Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 181 қылмыстық іс қозғалды. 25 адам сотталды.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай хабарламаларды тексеру көп уақыт пен ресурсты қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел-тергеу топтары аттанады. Сонымен қатар кәсіпорындардың қалыпты жұмысы бұзылады.
"Бұл күштер мен құралдарды жөнсіз пайдалануға әкеп соғады, тексерілген коммерциялық кәсіпорындар миллиондаған шығынға ұшырайды, лаңкестік әрекет туралы жалған хабарлар эвакуациялау кезінде дүрбелеңге және адамдар арасында құрбандар болуына әкелуі мүмкін", - деп түсіндірді департаменттегілер.
Осылайша, 2022 жылдың шілде айында кек алу мақсатында көршісінің поштасын бұзып, Астана және Алматы қалаларындағы 13 нысанға (сауда орталықтары, әуежайлар, банктер) терроризм актісі туралы жалған хабарлама жіберген қостанайлық азамат 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ал Алматы облысында сыныптастарымен бәстесіп, пошта арқылы үш мектепке бомба қойылғаны туралы хабарлама жіберген 13 жастағы мектеп оқушысы полицияға жеткізілді.