Таразда нәрестені сатқан акушерлер ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Тараз қаласында жаңа туған сәбиді сатқан екі медицина қызметкері ұсталды, деп хабарлады облыстық прокуратура.
Прокурорлар ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп жаңа туған сәбиді сату фактісін анықтады.
"2023 жылдың 12 қаңтарында аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 135-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Тараз қалалық көпбейінді аурухананың 2 медициналық қызметкері ұсталды", - делінген ресми хабарламада.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, тергеу шаралары барысында жаңа туған қызды акушер мамандар 39 жастағы Тараз тұрғынына 1,5 млн теңгеге сатып жіберген.
Ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Прокуратура тергеу шараларын бақылауға алды.
Айта кетері, кәмелетке толмаған баланы сатқаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамдардың мүлкі тәркіленеді.