Петропавлда екі бала иіс газынан уланып қалды

Sputnik
АЛМАТЫ, 24 қаңтар – Sputnik. Петропавлда пештің қақпағы жабық қалуы салдарынан екі бала иіс газынан уланып қалды. Қазір олар облыстық ауруханада жатыр.
Жазатайым оқиға 23 қаңтарда Подгора шағын ауданында болған.
"23 қаңтар күні сағат 20:30-да облыстық өрт сөндіру қызметінің 101 телефонына 2015 жылғы ұл мен 2018 жылы туған қыздың жеке үйде уланып қалғаны туралы ақпарат келіп түсті. Олар дереу облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір олардың жағдайы орташа ауыр", - деді Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжанов.
Балалардың қасында олардың 30 жастағы анасы болған, бірақ ол зардап шеккен жоқ.
Ересектер қатты отынмен жұмыс істейтін пештің қақпағын жауып тастағандықтан балалар уланған. Тексеру кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылғаны анықталды. Пештің жанында отын кептірілген, жанғыш материалдар жақын жерде сақталған.
Бұндай оқыс оқиға жыл басталғалы бері үшінші рет болып отыр.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 28 адам иіс газынан уланған.