Қаңтар оқиғасы

Күдебаевтың ісі: Қанат Бозымбаев сотқа жауап беруге келді

Sputnik
АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Талдықорған қаласында Алматы облыстық полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаевтың соты өтіп жатыр. Бүгін облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев сотқа жауап беруге келді. Ал судья отырысты жабық өткізуге шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Судьяның шешімінен кейін журналистер сот залынан шығып кетті. Олармен бірге айыпталушының адвокаты Сәуле Қобжанова да шығуға мәжбүр болды. Себебі "оның құпия мәліметтерге рұқсаты жоқ". Бірақ адвокат судьяның бұл шешімімен келіспей отыр. Оның айтуынша, Алматы облысының экс-әкімі Бозымбаев айтқан мәліметтер тергеу кезінде құпия ақпаратқа жатқызылған жоқ. Оған қоса, аймақтың бұрынғы басшысы журналистерге 5 қаңтарда болған оқиғалар бойынша сұхбат берген.
"Сол сұхбатта ол мыңдаған қару-жарақ ұрланды деп айтқан. Алайда сотта 82 дана қарудың ұрланғаны бойынша айып тағылды. Мен өзім Бозымбаев мырзаға шамамен 40 сұрақ дайындап қойғанмын. 5 қаңтардағы оқиғалар қалай өрбіді? Ол өзі әкімдікті басып алғанда қайда болды? Сотқа қатысып жатқан куәгерлердің айтуынша, жаңағы барлық әрекет 5 қаңтарда жасалды. Бірақ әкімдікті басып алғанда ол жерде Бозымбаев мырза болған жоқ. Сол кезде қызметкерлері жараланған сарбаздарды өз көлігімен әкімдіктен шығарған екен. Сонда Бозымбаевтың өзі қайда болды? Негізі, сұрақ көп. Бірақ Бозымбаев мырза соттағы жауап алуды жабық күйінде өткізуге өтініш жасаған", – дейді Қобжанова.
Адвокаттың ойынша, қорғауындағы адамның құқығы бұзылып отыр. Себебі оның адвокатын да сот залынан шығарып жіберген.
"Сот қылмыстық-процессуалдық заңнаманы бұзып, сот отырысын жабық деп жариялады. Ал Бозымбаевтың жауаптарында ешқандай құпия мәлімет жоқ. "Құпия" белгісі де жоқ. Барлығы біз берген іс материалдарында бар. Дәл осы жағдайда сот қылмыстық іс жүргізудің ашықтық қағидаттарын бұзып қана қоймай, менің адвокат ретіндегі құқығымды да бұзып отыр. Сот адвокатты сот залынан шығарып жіберді. Осылайша, менің қорғауымдағы азаматтың құқығы бұзылды", – деп атап өтті адвокат.
Айта кетері, Алматы облыстық полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев "Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" бабы бойынша айыпталды. Ол қаңтар оқиғасы кезінде ғимаратты тастап кеткен. Соның салдарынан полиция департаментінен қару-жарақ ұрланды.
Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Күдебаевтың соты басталды