Саясат

Amanat партиясы мәжіліс депутаттығына ұсынатын кандидаттарды іріктей бастады

Партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев болашақ депутат ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын азамат болуы керек деп санайды
Sputnik
АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс және мәслихат депутаттығына Amanat партиясының атынан ұсынылатын үміткерлерді іріктеу жұмысы басталды. Бұл туралы партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді.
"Кеше мәжіліс және мәслихат депутаттығына партия атынан ұсынылатын үміткерлерді іріктеу жұмысы басталды. Өздеріңіз білесіздер, ресми тіркелген 7 партияның ішінде тек "Amanat" партиясының ел аумағындағы әрбір ауданда өз филиалы бар, қазіргі таңда олардың саны – 249. Бұдан бөлек, еліміздің түкпір-түкпіріндегі партияластардың басын біріктіретін 4 мыңға жуық бастауыш ұйымдарымызда 800 мыңнан астам мүшеміз бар", - деп жазды Бейсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, партия мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттарға шынайы бәсеке жағдайында мықты үміткерлерді ұсынады.
Осы орайда атқарушы хатшы "Amanat" партиясының жаңа құрамдағы депутаты қандай болуы керек екенін айтты.
"Халықпен тікелей жұмыс істеп, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын білікті азамат болуға тиіс. Сондықтан партияның үміткерлері – қолынан іс келетін, елге қызмет етем дейтін партияластардың арасынан әділ таңдалады", - деді ол.
Қазіргі таңда жер-жердегі бастауыш партия ұйымдары алдағы күндері өтетін партияның аймақтық конференцияларына өз делегаттарын іріктеуді бастап кеткен. Делегаттар конференцияда партия атынан мәслихат сайлауына қатысатын үміткерлер тізімін жасап, бекітеді. Дәл осы тәртіппен облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер тізімі де бекітіледі.
Сондай-ақ Бейсенбаев бір мандатты үміткерлердің және партиялық тізімді жасаудың ашық өтуіне баса назар аударды. Ол кандидаттарды іріктеудегі "Amanat" партиясының басты ұстанымдарына тоқталды.
"Өкілеттілік және ашықтық, әділдік және жаңару. Партия үшін ең бастысы, үміткерлер қоғам сұранысына сай, халық талабына жауап беретін азаматтар болуғатиіс. Партиялық тізім арқылы болсын немесе бір мандатты округ арқылы болсын, сайлауға түскісі келетін үміткерлер ең әуелі өз ісінің маманы болуы керек. Қоғамның үні болып, халық мүддесіне жұмыс істеу үшін белгілі бір білім мен тәжірибе керек. Біз әділ іріктеу жасаймыз: хайп іздегендерді емес, халық аманатына адал жұмыс істейтін азаматтарды қолдаймыз", - деген Бейсенбаев алдағы сайлауға тас-түйін дайын екенін мәлімдеді.
Еске салсақ, мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.
Мәжіліс сайлауы–2023: кандидаттар 1 млн теңге жарна төлейді