Зайсанда қар құрсауында қалған 7 адам құтқарылды

Sputnik
АСТАНА, 22 қаңтар — Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған жолаушыларға көмекке келді.
Кеше облыс аумағында қарлы боран соғып, бірқатар жол жабылған болатын. Боранның салдарынан Зайсан ауданында екі көлік қар құрсауында қалып қойды, деп хабарлады Altaynews.
Облыстық ТЖД ақпараты бойынша, 22 қаңтарда сағат 05:40 кезінде Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылынан 25 шақырым жерде 7 адам жолда қалған. Құтқарушылар жол талғамайтын техникамен көмекке келіп, 4 адамды Дайыр ауылына, 3 адамды Зайсан қаласына аман-есен жеткізіп тастады. Жолаушылар медициналық көмекті қажет етпеген.
Төтенше жағдай қызметі азаматтарға қауіпсіздік шараларын еске салады. Автокөлік ауа райына сәйкес жабдықталуы керек. Жолға шыққанда тамақ, ыстық сусындар мен жылы киімдерді, зарядталған ұялы телефонды алып жүруді ұмытпаңыздар.