АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Қазақстан автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге салынған тыйымды алты айға ұзартты, "Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" 2023 жылдың 20 қаңтарындағы бұйрыққа энергетика, қаржы, ішкі істер министрліктері және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Қазақстаннан майлауыш майларды қоспағанда, автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін экспорттауға тыйым салынады.
Ішкі істер министрлігіне мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеуге көмектесу жөнінде тапсырма берілді.
Бұйрық ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Қазақстанда 2022 жылдың 12 шілдесінде автомобиль көлігімен бензинді экспорттауға тыйым салынып, кейін ол ұзартылды.
20 қаңтарда дизель отыны мен бензин шекарада басқа мұнай өнімі деп көрсетіліп (мазут, пеш отыны, еріткіштер), заңсыз әкетіліп жатқаны хабарланды. Премьер-министр Әлихан Смайылов энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, отынды елден заңсыз әкетуге бақылауды күшейту және жолын кесу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.