"Жағдай өте ауыр": Тоқаев Рудныйдағы жылу құбырындағы жарылыс салдарын барып көрді

Sputnik
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ең алдымен Рудныйдағы жылу құбырындағы жарылыс салдарымен танысып, өңір басшылығының қалпына келтіру жұмыстары бойынаш есебін тыңдады.
"Жалпы, еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын", - деді Тоқаев.
Тоқаев Рудныйдағы жылу құбырындағы жарылыс салдарымен танысты
Оның айтуынша, бұл басты міндет, оны созбалаңға салуға болмайды.
"Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Осы жұмыстармен айналысу қажет", – деп атап көрсетті президент.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарымен кездесу барысында азаматтардың өміріне қауіп төндіруге болмайтынын мәлімдеді. Қостанай облысы мен қала әкімдіктері Рудныйдағы жағдайды жедел қалпына келтіруге тиіс.
"Құбырдың жарылғаны туралы хабарды тексеру үшін арнайы келдім. Жаңа ғана үкіметке, облыс пен қала әкімдеріне осы мәселемен айналысуды тапсырдым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы үкіметке Рудныйдың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырғанын атап өтті.
Айта кетері, 19 қаңтарда Рудный қаласында жеке сектор мен 24 көпқабатты үйдің тұрғындары жылусыз қалды. Диаметрі 530 миллиметр қалалық жылу магистралінде апат болды.