Шетелдік көліктерді заңдастыру туралы не білу керек?

Sputnik
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Дүйсенбі, 23 қаңтарда Қазақстан бойынша шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны басталады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, заңдастыруға Қазақстан азаматтары сырттан әкелген шетелдік есептегі жеңіл автокөліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктер, басқаруы оң жақтағы автокөліктер жатады.
Негізгі талаптар:
көліктің Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі қажет;
криминалдық есепте болмауы керек;
басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс;
Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік болса, кедендік тазартудан өтуі керек.
Өтінім беру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.
Өтінім беру жолдары:
е-gov.kz электронды үкімет порталы;
екінші деңгейлі банктердің қосымшалары;
ХҚКО-ның өз-өзіне қызмет көрсету секторы.
Шетелдік көлікті заңдастыру үшін бірнеше құжат тапсыру қажет. Олар:
өтінім;
өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
көліктің паспорты немесе тіркеу туралы куәлік;
көлікке меншік құқығын растайтын құжат.
Құжат қарастырудың нәтижесі арнайы базаға тіркеледі және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Онда қабылданған шешім нақты жазылады. Заңдастыруға рұқсат етілсе, мемлекеттік алымдар төлеу қажет. Атап айтқанда, алғашқы тіркеу – 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ – 4 313 теңге; мемлекеттік нөмір – 9 660 теңге. Одан кейін көлік иесі шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжатты ХҚКО мамандарына тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты, мемлекеттік нөмір беріледі.
Шетелдік көліктер заңсыз тіркелген: "Азаматтарға арналған үкімет" жауап берді