Мәжіліс сайлауына 7 саяси партия қатыса алады - ОСК қаулы қабылдады

Ал мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына тек 6 партия жіберіледі
Sputnik
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына Қазақстанда тіркелген 7 саяси партияны жіберу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы бүгін өткен отырыста әрбір партия бойынша шешім қабылдады.
Осылайша партиялық тізімдер бойынша мәжіліс сайлауына қатыса алатын партиялар:
"Ақ жол" партиясы;
"Amanat" партиясы;
"Ауыл" партиясы;
"Байтақ" жасылдар партиясы;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы;
Қазақстан халық партиясы;
"Respublica" партиясы.
Ал партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына тек 6 партия ғана қатыса алады. "Respublica" партиясы өңірлерде тиісті филиалдарының болмауына байланысты партиялық тізімдер бойынша мәслихат сайлауына қатыса алмайды.
"Байтақ" партиясының тек үш өңірде ғана филиалы құрылған: Атырау, Қызылорда және Қарағанды облыстарында. Тиісінше аталған партия тек осы үш облыста ғана мәслихат сайлауына қатысуға құқылы.
Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров "Байтақ" пен "Respublica" партияларының назарын мына мәселеге аударды.
"Мәжіліс пен мәслихаттың кезектен тыс сайлауына кандидаттар ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталады. Егер осы екі партия осы кезең аралығында өңірлерде өз филиалдарын ашып үлгерсе, олар партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат алуға мүмкіндігі бар", - деді ол.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы 19 наурызда өтеді.