ПАВЛОДАР, 20 қаңтар – Sputnik. Павлодарда судья Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс баптарын шатастырып алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кодекстің 234-1-бабы ("Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және (немесе) тиімсіз пайдалану") бойынша Павлодар облысының полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке қатысты екі әкімшілік істі қарау уақытша тоқтатылды. Өйткені сотталушы адвокаттарының шағымы қаралады.
"Алайда сотты тоқтата тұру туралы қаулыда қате жіберілген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі көрсетілген. Құжатта кодекстің 234-1-бабы көрсетілуге тиіс еді", - делінген соттың жаңа қаулысында.
Яғни, тиімсіз жоспарлаудың және (немесе) бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың орнына облыстың бұрынғы бас полицейіне мас күйінде көлік жүргізді деген айып тағыла жаздады.
Заң бойынша қателік жіберген судья оны түзетуге құқылы. Қате түзетілді. Нұрлан Мәсімовке Әкімшілік кодекстің 234-1 бабы бойынша құқықбұзушылық жасады деген айып тағылып отыр.
Іс бойынша сот отырысының күні әлі белгіленген жоқ.