АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik. Италияда көлік қағып кеткен қазақстандық студент қайтыс болды, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігі.
Марқұм Салерно университетінің докторантурасында оқып жүрген.
Қайғылы оқиға жайлы L'Occhio di Salerno италиялық басылымында жарияланған.
Оқиға 17 қаңтарда кешкі уақытта болған. Студентті Меркато Сан-Севериноның 20 жастағы тұрғыны Peugeot көлігімен қағып кеткен. 27 жастағы бойжеткен көшені жаяу жүргіншілер белгісі бар жерден кесіп өтпек болған.
Жүргізуші бірден жедел жәрдем шақырғанымен, студентті аман алып қалу мүмкін болмаған. Кейінірек жас жігіт алкогольге тест тапсырған, алайда оның ішімдік ішпегені анықталды.
"Оқиға болғанын растаймыз. Қазір марқұмның денесін Қазақстанға әкелу жұмысы жүргізіліп жатыр. Туыстарымен байланыстамыз", - деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.