Алматыда жүргізуші 200-ге жуық тұрғынды жылусыз қалдырды

Sputnik
АЛМАТЫ, 17 қаңтар – Sputnik. Алматы қаласы Түрксіб ауданының "Қайрат" шағына ауданында 200 жуық тұрғын жылусыз қалды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
16 қаңтарда жүк көлігінің жүргізушісі газ магистралін қиратып кеткен, салдарынан шағын ауданның бір бөлігінде газ беру тоқтатылды.
"Апатты қалпына келтіру жұмыстары 3 сағаттан астам уақытқа созылды, содан соң желілерді іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды. Алайда жөндеу бригадалары газбен толық көлемде қамтамасыз ете алмады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Аудан әкімдігі мен "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ қызметкерлері шағын аудан тұрғындарымен кездесіп, әр үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
"135 абонент газбен қамтамасыз етілді. Қалған 52 абонент әлі қосылған жоқ. Өйткені желілерде газ құбырлары бітеліп қалған, оларды жою үшін негізгі магистральды ажырату қажет. Қауіпсіздік техникасына сәйкес түнгі уақытта дәнекерлеу және іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілмейді", - дейді ведомство.
Апатты қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.