АЛМАТЫ, 16 қаңтар - Sputnik. Қазақстанда жол ақысы қымбат "Тальго" коммерциялық пойыздары тиімсіз, деп мәлімдеді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Бұған дейін де сенат депутаттары премьер-министрге теміржол тасымалының осал тұстарын айтып, жүгінген болатын.
Республика аумағында 101 бағдар бойынша пойыздар жүреді, оның ішінде 5 бағыт бойынша - "Тальго" вагондарынан құрылған коммерциялық пойыздар.
Коммерциялық пойыздарды мемлекет субсидияламайды. Былтыр 1 шілдеден бастап әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жүретін барлық жолаушылар пойызы үшін тариф 7%-ке көтерілді. Премьер туристік маусым кезінде теміржол билеттерінің тапшылығы бар екенін жоққа шығармады.
"Теміржолда 2019 жылдың шілдесінен бастап "Күту парағы" қызметі іске қосылды. Мұнда пойыздың жөнелтілуіне 5-7 күн қалғанда қайтарылған билеттер мен пайдаланылмаған бронь орындар келіп түседі", - деді премьер.
Смайыловтың мәліметінше, алдағы үш жылда 187 тепловоз сатып алу жоспарланып отыр, оның 70-і биыл алынады. 2023 жылдан 2029 жылға дейін Alstom технологиясы бойынша электровоздар паркі 245 бірлікке жаңартылады.
"2029 жылға дейін "Stadler" технологиясы бойынша өндірілген 537 жолаушылар вагоны жеткізіледі. 2023-2024 жылдары ресейлік 307 жолаушылар вагоны сатып алынады", - деді Смайылов.
Сондай-ақ биыл 1 500 жартылай вагон мен 601 бірлік фитинг платформасын (ірі тоннажды контейнерлерді тасымалдауға арналған мамандандырылған платформа) сатып алу жоспарланып жатыр. 1 қаңтардан бастап ҚТЖ анықтамалық қызметіне қоңырау шалу тегін болды. Премьер-министр ҚТЖ анықтамалық қызметінің мәселесін де көтерді.
Оның айтуынша, қызметті жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылдан бастап қалалық және мобильді нөмірлерден "1433" анықтамалық нөміріне қоңырау шалу тегін болады.