АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Алматыда қоймадан шыққан өртті сөндіру үш сағаттан астам уақытқа созылды, деп хабарлайды қалалық төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 09.31-де жеткен. Бұл кезде өрт қатты жалындап, қойманың төбесі опырылып құлап қалған. Осыған байланысты өрт сөндірушілер өз қатарларында адам шығынын болдырмау үшін мұқият әрекет етті.
"Конструкциялардың опырылып құлауы, сондай-ақ, осы аумақтағы өрт сөндіру гидрантының істен шығуы өрт сөндіру жұмыстарын қиындатты. Су оқиға орнына келген цистерналардан құйылды. Су жақын маңдағы өрт сөндіру суатынан алынды, "Алматы Су" техникасы тартылды", - делінген хабарламада.
Ведомстводағылар нысан аумағындағы ішкі сумен жабдықтау құбырының істен шығуына нысан иесі жауапты екенін түсіндірді.
Бұған дейін конструкциялардың опырылуы өрт сөндірушілерге қойма ішіне кіруге мүмкіндік бермей жатқаны хабарланған болатын. Қоймадағы өртті сөндіруді тауарлық-материалдық заттардың тығыз жиналғаны да қиындатты.