Атырау мұнай өңдеу зауыты өнім шығару көлемін арттыруды бастады

Sputnik
АСТАНА, 12 қаңтар – Sputnik. Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысы мен оған қатысты технологиялық нысандардың жұмысы толықтай қалпына келтірілді.
Кәсіпорын баспасөз қызметінің мәліметінше, қондырғы жұмыс режиміне шықты, мұнай өнімдерін шығару көлемін арттыру процесі басталды.
2023 жылдың 10 қаңтарында бұрын толтырылған 36 вагон цистернаны қоса есептегенде барлығы 1624 тонна сұйылтылған көмірсутек газы жөнелтілді:
Ақтөбе облысы – 176 т;
Қызылорда облысы – 584 т;
Қостанай облысы – 490 т;
Атырау облысы – 238 т (авто);
Батыс Қазақстан облысы – 127 т (авто);
Маңғыстау облысы – 40 т (авто).
2023 жылдың 11 қаңтарындағы мәлімет бойынша "АМӨЗ" ЖШС-нің резервуарлық паркінде 38 200 тонадан аса әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдері сақталған:
тауарлы автобензин АИ-92 – 17 000 тонна,
АИ-95 – 1 200 тонна,
дизель отыны – 20 000 тоннадан астам.

Мұнай өнімдерін (автобензин мен дизель отынын) жанармай бекеттер желісіне тиеп жөнелту өндірістік жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, аймақтардағы газжелілік мекемелердің сұйытылған көмірсутек газын автокөлікпен дер кезінде тасып шығармауы (тасып шығару жұмыстары энергетика министрлігі бөлген көлемге сәйкес жүргізілуі тиіс) себепті "Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі" ЖШС-де газды сақтайтын бос орын қалмаған болатын. Салдарынан 10 қаңтарда АМӨЗ каталитикалық крекинг қондырғысының және оған қатысты технологиялық нысандардың жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатты. Бұл мұнай өнімдерін шығару көлемін азайтуға әкелді.