АЛМАТЫ, 11 қаңтар – Sputnik. Президент қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс министрлігінің былтыр атқарған қызметінің нәтижелері туралы есеп беріп, осы жылға арналған жоспармен таныстырды, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстандағы әскери дайындықтың жай-күйі, армияның құрамы мен құрылымын жетілдіру, жүргізілген жедел және жауынгерлік әзірлік шаралары жөнінде ақпарат берілді.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов былтыр арнайы операциялар күштері құрылғанын, десанттық-шабуылдау әскерінің әлеуеті артып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге байланысты әскердің жауынгерлік әзірлік бағдарламасы қайта қаралды.
Мемлекет басшысына армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу, жастардың әскери борышын орындауға деген құлшынысын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру жөнінде қорғаныс ведомствосының қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет берілді.
Қорғаныс министрі қарулы күштерді заманауи техникамен және қару-жарақпен жабдықтау, аумақтық қорғаныс әскерін дамыту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру және бітімгерлік мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде баяндады. Сондай-ақ пайдаланылмайтын әскери мүлік пен қару-жарақты жою шаралары туралы есеп берді.
Кездесу соңында президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ министрлікке еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыру, мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқанын сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.