АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын реттеу шараларын тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Айта кетері, отырысқа премьер-министр Әлихан Смайылов қатысты. Осы жиында депутат Ерлан Барлыбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын ұстап тұруды тоқтату қажеттігін айтты.
"Іс жүзінде бағаны қалай ұстайды? Мен өзім бизнесте жұмыс істедім. Бағаны ұстап тұру үшін әкімдіктер алдымен кәсіпкерлерді шақырып, бағаны көтермеу туралы меморандум жасайды. Ал кәсіпкерлер бағаны ұстап тұру үшін не істейді? Шикізаттың бағасын түсіреді. Ақырында шаруалар шығынға батады. Онсыз да ақшасы жоқ, табыс таба алмайды", - деді Барлыбаев.
Осы орайда депутат әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын ұстап тұрудың орнына халықтың табысын арттыруға басымдық беруді ұсынды.
"Меніңше, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру тәжірибесінен бас тарту керек. Ол жүйе әбден ескіріп қалған. Соның орнына атаулы әлеуметтік көмекті ұсыну керек. Нарықтық экономикада отырғаннан кейін бәрі де солай болуы керек қой. Халықтың табысын арттыруға басымдық беру керек. Сонда азық-түлік инфляциясы елдің тапқан табысына қатты әсер етпейді", - деді Барлыбаев.