Өңірлер

ШҚО-да қар көшкінінің алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр

Sputnik
АСТАНА, 9 қаңтар – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысының қар көп түсетін және көшкін жүруі ықтимал аймақтарында қар көшкінінің алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.
Кеше Өскемен – Тауды Үлбі – Северное тасжолында қар жамылғысын түсіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жару жұмыстары нәтижесінде 36 850 текше метр қар түсірілді.
"Қаңтарда қатты жауын-шашын, жел жиі болып тұр. "Қазселқорғау" мекемесі мамандарының бақылауы бойынша, толассыз жауу салдарынан тау беткейлеріндегі қар көлемі қауіпті деңгейге жетті. Ол өздігінен қозғалуы мүмкін. Сондықтан мұндай алдын алу шаралары шұғыл қажет", - дейді "Қазселқорғау" облыстық филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.
Қазіргі уақытта қар көшу қаупі бар аймақтар компания мамандарының бақылауында тұр. Бақылау жүмыстары сәуір айының соңына дейін жүргізіледі. Шаңғышылардың қарлы беткеймен өтуі, қатты айғайлау, оқ ату, тіпті тау бөктерінен шанамен сырғанау да қар көшкінін тудыруы мүмкін.
Егер қар қабатының астына су түссе де, қар көшкіні де өздігінен жүруі мүмкін.
Айта кетері, облыста бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше күннен бері жалғасып жатыр.
Өңірдің таулы аймақтарында қар көшкіні қаупі жоғары екені туралы дабылды ескерту жарияланған болатын.