Алматыда Антикордың жалған қызметкері ұсталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 8 қаңтар - Sputnik. Алматыда Антикордың жалған қызметкері 1987 жылы туған Ұлан Рай ұсталды.
Ол жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен құтылмақ болған. Өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерімін деп таныстырып келген.
Антикордың жалған қызметкерін 6 қаңтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Алматы қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы арнайы батальонының қызметкерлері бірлесіп ұстаған.
Құжаттарды тексеру барысында құқықбұзушы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті қызметкерінің жалған қызмет куәлігін көрсеткен.
Жалған қызмет куәлігі
Қазіргі уақытта Ұлан Рай уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.