Павлодарда банк қызметкері алаяқтарға алданып қалды

Sputnik
АСТАНА, 6 қаңтар – Sputnik. Павлодар қаласында банк қызметкері алаяқтарға алданып, 800 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2 қаңтарда облыс орталығының тұрғыны қалалық полиция басқармасына арыз түсірді. Банкте істейтін әйел картасындағы барлық ақшаның ұрланғанын мәлімдеді.
32 жастағы қала тұрғыны үйіндегі жиһазды сатамын деп, танымал сайттардың біріне хабарландыру жариялаған. Жарты сағаттың ішінде бір ер адам хабарласады. Пәтерімді жалға беремін, сол себепті барлық жиһазды сатып аламын деп сендірген. Сосын банк картасының бар-жоғын сұрайды. Сатушы әйел картам бар дейді. Ал ер адам алдымен карта нөмірін, сосын SMS-хабарламамен түскен пин-кодты айтып беруін өтінген. Әйел барлық мәліметті бере салған.
"Бірнеше минуттың ішінде әйелдің картасынан 800 мың теңгеден астам қаржы шешілген. Ал қоңырау шалған адам ізім-ғайым жоғалған. Жәбірленуші қаладағы банктердің бірінде жұмыс істейді. Соған қарамастан, алаяқтардың алдауына түсіп қалып отыр", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде тәртіп сақшылары қылмыс жасаған адамдарды іздестіруге кірісті. Полицейлер халықты сақ болуға үндеп отыр. Бейтаныс адамдарға банк картасының нөмірін, жеке мәліметтерді, мобильді қосымшалардың паролін беруге болмайтынын ескертті.