АСТАНА, 6 қаңтар – Sputnik. Алматы облысында ер адам 25 жастағы қызды үйінен алып кетіп, денесін пышақпен тілгілеп тастаған. Ауыр соққыға жығылған жас қыз түрлі жарақатымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады Астана арнасы.
Жәбірленуші өзіне қастандық жасаған азаматпен бұрын жақын қарым-қатынаста болғанын айтты. Сөзінше, жігіттің оны ұрып-соққаны алғашқы жағдай емес. Ер адам бойжеткенді көлікпен қала сыртына шығарып, аяусыз сабап тастаған. Қазір зардап шегушінің денесінде сау жері жоқ. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауырлықта деп бағалайды.
"Көптеген жарақат алынған. Басына зақым келген, пышақпен кесілген жарақаттар болды. Беті, қолы, саны және мұрын сүйектері сынған. Қазіргі таңда Талғар ауруханасының жарақат емдеу бөлімінде жатыр. Протокол бойынша емін алып жатыр", - дейді Талғар орталық аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі Айдос Еркенов.
Күдікті – 2001 жылғы азамат. Бүгінде ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған жағдайға қатысты "Адам өлтіруге ұмтылу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында.