АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған 18 адам анықталды. Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болғаны белгілі. Мұны тергеу амалдары көрсетті. Баяндамада атап өткенімдей, бұл әрекет алдын ала 2021 жылы жоспарланған. Оны қылмыстық топ, діни экстремистер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының мүшелері ұйымдастырған", - деді Берік Асылов.
Бас прокурордың айтуынша, ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Біз осы әрекетті ұйымдастырған 18 адамды анықтадық. Бұл жерде Жұмагелдиевтің, діни экстремистер Нұрпейісов пен Тілеужановтың рөлі ерекше болды", - деп түйіндеді ол.