АЛМАТЫ, 3 қаңтар – Sputnik. Полицейлер Талдықорғанда оқушының ұрланғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Кәмелетке толмаған бала іздестіріліп, ата-анасына қайтарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
15 жастағы жасөспірімнің ұрланғаны туралы хабарлама бір күн бұрын әлеуметтік желіде тараған. Ақпарат қала тұрғындары арасында дүрбелең тудырды, олар полициядан ұрланған оқушыны дереу іздеп табуды талап еткен.
Пост кәмелетке толмаған жасөспірімнің фотосуретімен және "Менің ұлымды ұрлап кетті. Көмек сұраймын!" деген жазбамен жарияланған болатын.
Облыстық полиция 2 қаңтарда 15 жастағы оқушының ұрланғаны туралы арыз түскенін растады. Бірақ ұрлау туралы ақпарат расталмаған. Оқушыны бір топ ересек адам күшпен алып кеткенін кәмелетке толмаған туысы айтқан. Кейін ол өз айғағын өзгерткен.
Ақпаратты тексеру кезінде қалалық полиция қызметкерлері ауқымды іздеу іс-шарасын ұйымдастырды. Бірнеше тұрғын үй алабы қаралды, қаланың барлық салынып жатқан нысаны тексерілді және көшедегі бейнебақылау камералары қаралды.
"Жедел іздестіру іс-шаралары барысында оқушының орналасқан жері анықталды. Кәмелетке толмаған бала Сарқан қаласындағы туыстарына барғаны белгілі болды. Кейіннен оны Талдықорғанға жеткізді. Қазіргі уақытта жасөспірім аман-есен, дене жарақаты жоқ, ата-анасының жанында", - деп хабарлады Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі.