АСТАНА, 1 қаңтар – Sputnik. Павлодар қаласында қауіпсіздік шараларын түсіндіруге арналған трамвай жолға шықты.
Осы бастаманың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету тәртібін халыққа жан-жақты жеткізу, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Қауіпсіздік трамвайын Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті мен "Трамвай жолдары басқармасы" АҚ бірлесіп іске қосты.
"Бұл бағыт қала тұрғындарын әртүрлі бағыттар бойынша тасымалдай отырып, халықтың басым бөлігін қамтиды. Трамвай жолаушыларын әртүрлі төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы, төтенше жағдайлардың алдын алу және өзін-өзі ұстау ережелерін үйрету бойынша хабардар етеді", - дейді құтқарушылар.
Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарға төтенше жағдайлар кезіндегі алгоритм көрсетілген буклеттер мен жадынамалар таратылады.