АСТАНА, 31 желтоқсан – Sputnik. Мәңгіге тарих қойнауына енетін 2022 жыл халқымыз үшін ауыр басталды. Жаңа жылдың басында қазақ елі бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Бұл күндер "қасіретті қаңтар" деген атпен тарихта қалды. Барыс жылы ел есінде қалған оқиғалар жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан шолуынан оқыңыз.
Қаңтар оқиғасы
Екінші қаңтар күні Маңғыстау өңірінің жұрты екі есе қымбаттап кеткен сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен көшеге шықты. Ертесіне наразылық акциясына басқа облыстар қосылды. Бас көтерген халық баға мәселесінен бөлек, үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.
Ірі қалаларда бейбіт түрде басталған митинг 4 қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалды, өрт қойылды, қару-жарақ дүкендері мен сауда орындары тоналды. Бүліктен, әсіресе, Алматы қаласы қатты зардап шекті.
Республика бойынша төтенше жағдай жарияланды. Телеарналардан үндеу жасаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге террористер шабуылдағанын және лаңкестерге қарсы оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді.
Елдегі стратегиялық маңызы бар нысандарға да қауіп төнді. Тоқаев оларды күзету үшін ҰҚШҰ әскерін көмекке шақырды. Ал Қазақстанның күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарына елде тәртіп орнату міндеті жүктелді.
Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК-ны басқарған Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен тұтқындалды. Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштен бөлек, оның барлық орынбасары да ұсталды.
Мемлекет басшысы сын-сағатта командирлік қабілетін көрсете алмаған қорғаныс министрі Мұрат Бектановты қызметінен босатты. Бір айдан соң экс-министр ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген күдікпен "Дикий Арман" (Арман Жұмагелдиев) бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ та қамауға алынды.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде 238 азамат қаза болды, құқық қорғау органдарының 4 мыңға жуық қызметкері зардап шекті.
Алапат өрт
Қыркүйек айының басында Қостанай облысында жойқын орман өрті болды. Әулиекөл ауданында 43 мың гектар аумақ өртенді. Тілсіз жауды ауыздықтауға бір апта уақыт кетті. 91 үй күлге айналды, 2 091 адам эвакуацияланды.
Өңірдегі ахуалмен танысу үшін мемлекет басшысы Қостанай өңіріне ұшып барды. Тоқаев баспанасыз қалған тұрғындармен кездесіп, үкімет 2-2,5 ай ішінде жаңа үйлер тұрғызатынын мәлімдеді. 91 үйдің құрылысына 2,2 млрд теңге бөлінді.
Президент уәдесінде тұрды. Қазан айының соңында Әуликөл ауданының тұрғындары қоныс тойын тойлады. Алапат өрттен кейін бой көтерген шағын аудан "Бірлік" деп аталды.
Ресейден ағылған көш
Украинаға әскер жіберу үшін Ресей президенті 21 қыркүйекте елде ішінара мобилизация жариялады. Осыдан кейін екі елдің шекарасында ұзын-сонар кезек басталды. Ресей азаматтары жаппай Қазақстанға ағылды. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, сол уақытта күніне 30 мың ресейлік шекараны кесіп өткен.
Ресейден ағылған көш ірі қалаларда жалдамалы үйлердің қымбаттауына әкеп соқты. Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда бір бөлмелі пәтердің арендасы 500 мың теңгеге жетті. Екі-үш есе өскен жалдау ақысын төлеуге шамасы жоқ отбасылар күздің қара суығында далада қалды. Үкіметтегі шенеуніктерден де қайыр болмады – министрлер арендалық пәтерлердің бағасын реттей алмаймыз деп ақталды.
Арада он күн өткеннен кейін екі ел шекарасындағы көші-қон тұрақталды. Баспана бағасы да бұрынғы қалыпқа түсе бастады.
ІІМ мәліметінше, қазір Қазақстанда 146 мың ресейлік жүр. Олардың 36 мыңы уақытша тұруға рұқсат алды.
Екібастұздағы апат
27 қарашаға қараған күні Екібастұз қаласында ірі төтенше жағдай болды. 149 тұрғын үй қақаған аязда жылусыз қалды. Жылу желілеріндегі апат салдарынан ЖЭО-дағы қазандықтар тоқтап қалған.
70 үйге апаттан кейінгі бірінші күні жылу берілді. Қалған үйлердің тұрғындары сегіз күн бойы жылусыз отырды. Қалада жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы ТЖ режимі жарияланды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр апат салдары толығымен жойылғанға дейін Екібастұзда болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы төтенше жағдайды нағыз апат деп атады. Президент осы оқиғадан кейін Павлодар облысының әкімі болған Әбілқайыр Ысқақовты қызметінен босатты. Оның орнына Асайын Байхановты тағайындады.
Ал жұртшылық Екібастұз ЖЭО-ның иесі олигарх Александр Клебановты жазалауды талап етті. Бизнесменнің өзі болса, үкіметке Екібастұз жылу электр орталығын апатты күйде 1 теңгеге сатып алуды ұсынды.
Қазір Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында жылдар бойы ЖЭО мен желілер қалай басқарылғаны, басшылар қандай жұмыс атқарғаны, қаншалықты күтіп ұсталғаны, жөндеу жұмыстарына қанша қаржы бөлінгені анықталады.
Екі жылға созылған іске нүкте қойылды
Биыл ел есінде қалған оқиғалардың бірі – бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа шыққан сот үкімі. Екі жыл бұрын ұсталған экс-министр мен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев медициналық мекемелердің қызметін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйені әзірлеу кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталды. Сондай-ақ Біртановқа коронавирус жұқтырғанда санитарлық авиация ұшағын заңсыз пайдаланды деген айып тағылды. Экс-министр жарты жылдай үйқамақта отырды, кейін сот асырауында бес баласы мен қарт анасы бар екенін ескеріп, оған жұмыс істеуге рұқсат берді.
Бұрынғы шенеунік өзіне тағылған айыптармен келіскен жоқ. Тіпті әділдік іздеп, шілде айында Тоқаевтан көмек сұрады.
28 қазанда Астанада Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке сот үкімі шықты. Сот Біртановты санавиацияға қатысты эпизод бойынша ақтады. Алайда лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деп шешті. Осылайша экс-министр бес жылға, ал оның орынбасары төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар олар 1 миллиард 350 миллион 123 мың теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Сот отырысынан кейін Елжан Біртанов журналистерге сұхбат беріп, үкімге шағым түсіретінін, кінәсіздігін дәлелдейтінін мәлімдеді.
"Біз ондай ақшаны қалтаға салған жоқпыз, бюджеттен бір тиын да алмадық, қажетті ақпарат бар. Ол ақшаның барлығы шетелдегі "Эриксон" компаниясына түсті. Денсаулық сақтау министрлігі келесі деңгейде сол халықаралық компаниямен соттасады деп сенеміз. Сол жақтан ақшаны шығару қажет. Бізде ондай ақша жоқ", - деді Біртанов сот үкімінен кейін.
Елжан Біртанов 2020 жылы маусымда отставкаға кетуге өтініш берді. Ол денсаулық сақтау министрлігін 2017 жылдан бері басқарған болатын.
Назарбаевтың туыстары ұсталды
Бүкіл елді дүрліктірген қаңтар оқиғасынан кейін тұңғыш президенттің төңірегіндегі тұлғаларды ұстау бастады. Бірінші болып Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталды. Антикор оны Дубайға ұшып шықпақ болған жерінен тұтқындады. Ол "Қазақтелеком" АҚ қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінді. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны хабарланды.
26 қыркүйекте Астана қаласының соты Қайрат Сатыбалдұлына қатысты үкім шығарды. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оның жеке мүлкі тәркіленді. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Сатыбалдыға қатысты басқа да істер әлі Антикор тарапынан тергеліп жатыр.
Наурыз айында Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деп айыпталды.
Содан кейін Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев ұсталды. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінді. Қазір Қайрат Боранбаевтың ісі Астанада сотта қаралып жатыр.
Боранбаев – ірі кәсіпкер, ол Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі. Оның қызы Әлима 2020 жылы жазда Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болған жиені Айсұлтанға тұрмысқа шыққан.
Танымал вайнерлер түрмеден бір-ақ шықты
Биыл ақпанда елге танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталды. Ал Азимжан Саидбаев шетелге қашып кетті, әлі күнге дейін ұсталған жоқ.
Бір топ азамат полицияға "ASTEX.KZ" ЖШС, "ACD Technology" ЖШС лауазымды тұлғалары қаржы пирамидасын құрды деп шағымданған.
2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет деген желеумен қаражат тарту үшін бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқаны анықталды. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әрбір салымшыға төлеген жарна сомасының 20 пайызын төлеуге міндетті болды. "ASTEX.KZ" ЖШС 162 салымшыдан 5 миллиард теңгеден астам ақшаны басқа компания – " Mudarabah Capital" ЖШС арқылы алған.
Mudarabah Capital компаниясына қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Олардың арасында белгілі блогерлер мен вайнерлер бар.
Қазір вайнерлердің ісі сотта қаралып жатыр. Сот процесі ашық. Басты сот талқылауы 2023 жылғы 9 қаңтарға белгіленді.
Қылмыстық іс аясында 41 жылжымайтын мүлікке, 3 автокөлікке, 9 банк шоты мен 16 компанияның жарғылық капиталындағы әртүрлі үлеске бұғат қойылды.
Бейбіт күннің батыры
Бейбіт заманда да өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқаруға асығатын батыр жандар аз емес. Солардың бірі астаналық Асқар Забикулин еді. Марқұм өрт сөндіруші әріптесі Аян Кемпіровпен бірге елордада отқа оранған пәтерден бес адамды алып шықты. Тағы он адамды қауіпсіз жерге көшірді.
Алайда өрт сөндірушілердің денесі күйіп, Асқар Забикулин ауруханаға түсті. Дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Бүгінгі күннің батыры ауруханада жан тапсырды. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды. Ол небәрі 28 жаста еді.
Президент қызметтік борышын атқару кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған Забикулиннің отбасына көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Астанадағы е-583 көшесіне өрт сөндірушінің есімі берілетін болды және бюсті орнатылады.