Футбол королі Пеле өмірден өтті

Пелеге 2021 жылдың қыркүйегінде тоқ ішек ісігі диагнозы қойылған
Sputnik
АСТАНА, 30 желтоқсан - Sputnik. Футболдан Бразилия құрамасының үш дүркін әлем чемпионы Пеле 82 жасында қайтыс болды, деп хабарлады оның қызы әлеуметтік желіде.
Пелеге былтыр қыркүйекте тоқ ішек ісігі диагнозы қойылған.
Биыл ол үш қатерлі ісік (ішек, бауыр және өкпе) және зәр шығару жолдарының инфекциясын емдеу үшін екі рет Эйнштейн клиникасына жатқызылды.
Биыл 30 қарашада Пеле дененің ісінуі, жүрек жеткіліксіздігі, сана шатасуы салдарынан жоспардан тыс ауруханаға жатқызылған. Кейінірек Пеленің ағзасы химиотерапияны қабылдай алмай қалған. Осыған байланысты оған паллиативтік көмек көрсетілгені хабарланды.
Экс-футболшының қыздарының айтуынша, Пеле коронавирус салдарынан пайда болған өкпе инфекциясына байланысты ауруханаға жатқызылған.
Пеле (толық аты-жөні – Эдсон Арантес ду Насименту) – үш рет әлем чемпионы атанған тарихтағы жалғыз футболшы (1958, 1962, 1970).
Ол 92 матчта 77 гол соғып, Бразилия құрамасының тарихындағы үздік бомбардир тізімінде Неймармен бірге тұр. Клуб деңгейінде Пеле 18 жыл бразилиялық "Сантостың" атынан шықты, тағы үш жыл америкалық "Нью-Йорк Космоста" ойнады. Пеле өзінің кәсіби карьерасын 1977 жылы аяқтады.
Пеле карьерасында ең көп гол соққан ойыншы ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген. Кейбір мәліметтер бойынша ол 1281 гол соққан.
Мансабының соңында бірқатар фильм мен телехикаяға түсті. Қайырымдылық жобаларын ұйымдастырды. 1994 жылы ЮНЕСКО-ның елшісі, 1995 жылы Бразилияның спорт министрі болды. 1997 жылы Ұлыбритания патшайымынан рыцарь атағын алды.
Қоғам
Ұлттық банк футболдан әлем чемпионатына арналған монеталарды айналымға шығарды