Қаңтар оқиғасы

Депутат қаңтар оқиғасы жайлы: халықтың көкейінде жауабы жоқ сұрақтар көп

Sputnik
АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдарды парламентке келіп, қаңтар оқиғасының мән-жайын ашық айтуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еділ Жаңбыршин келесі жылы бүкіл елді дүр сілкіндірген "Қасіретті қаңтар" оқиғасына 1 жыл болатынын еске салды. Парламентте мемлекеттік төңкеріске итермелеген оқиға жан-жақты талқыланды. Құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы есеп беріп, бәрі ашық айтылды. Десек те, депутаттың айтуынша, жауабы жоқ сұрақтар әлі де көп.
"Иә, бүгінде халықтың көкейінде әлі де жауабы жоқ сұрақтар жеткілікті. Сонымен, "Мұны ұйымдастырған кімдер, өйткені барлық өңірде бір мезгілде толқулар басталды және қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды?", "Қаңтар оқиғасы қандай зақым мен шығын келтірді?", "Лауазымдық міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау, кездейсоқ қаза болған азаматтарымыздың жақындарына көмек көрсету бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?" деген сауалдар ел ішінде айтылып жүр", - дейді Жаңбыршин бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында.
Ол бүгінгі күні қаңтар оқиғасы бойынша толық түсінік жоқ екенін айтты. Елді ыдырату үшін жасалған опасыздардың жүйелі қимылы, қырағы дайындығы туралы тек қана болжамдар бар.
"Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарап жатыр. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, фейк ақпараттардың тарауына зор ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан құқық қорғау органдарының тергеу қорытындысына сүйенген, оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керек деп санаймыз", - деді Жаңбыршин.
Осыған байланысты "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардан 2023 жылдың басында мәжілістің алғашқы жалпы отырысына келіп, жоғарыда айтылған және басқа да сауалдарға бүкпесіз ашық жауап беруді талап етті.
Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандар санына қатысты қауесетке жауап берді