Министр жеңілдетілген автокредит жайлы: кезекте тұрғандардың бәрі көлігін алады

Sputnik
АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеңілдетілген автокредит тоқтап қалмай, күн сайын берілуі керек деп санайды. Бұл туралы ол үкімет кулуарында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр жеңілдетілген автокредит бағдарламасына бұрын берілген 100 млрд теңге енді бөлінбейтінін атап өтті.
"Қазір банктер ақшаны сәл жинап, кредитті кейін береміз деген шешім қабылдады. Әрине, олар өздері біледі. Бұл оларға қатысты бизнес процесс. Бірақ, менің ойымша, күнделікті түскен ақшаны күн сайын беріп отыру керек. Жеңілдетілген автокредитті тоқтатпай, халықты да шулатпай, бұл процесс күн сайын жүруі керек", - деді Өскенбаев үкімет кулуарында.
Ол алғашында жеңілдетілген кредит бағдарламасы бойынша 15 мың адам кезекте тұрғанын, соның 13 мыңы көлік алғанын еске салды. Содан кейін қосымша 16 мың адам көлік алуға өтініш берген. Бұл ретте министр кезекте тұрғандардың бәрі қалаған көлігін сатып алатынына сендірді.
"Әрине, олар көлігін ала алады. Біз жыл сайын өндіріс көлемін арттырып жатырмыз. Биыл 110 мың көлік шығардық. Келесі жылы 120 мың көлік жоспарлаған едік, бірақ одан көбірек шығаратын болдық. 130 мың көлікке дейін жеткіземіз", - деді Өскенбаев.