АЛМАТЫ, 27 желтоқсан – Sputnik. Екібастұз тұрғындары жақын арада электр энергиясы үшін өтемақы алады. Бұл туралы "Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Оралдан хабарлады.
"Екібастұзда жеке тұлғалардың бір айда электр энергиясын қалыпты режимде тұтынуы - 220 миллион теңге. Сондықтан біз "Екібастұзэнергоға" 240 миллион теңге аударуды ұйғардық", - деді ол.
Бұл ақша тұтынушылардың жеке шотына аударылады. 48 172 дербес шот иесінің әрқайсысы 5 мың теңгеге жуық алады.
Sputnik Қазақстан бұған дейін Павлодар облысының әкімі төтенше жағдай кезінде электр энергиясы үшін төленген ақы өтеледі деп уәде еткенін хабарлаған болатын.
Еске сала кетсек, Екібастұзда жылу желілеріндегі апатқа байланысты биыл 28 қараша мен 8 желтоқсан аралығында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізілді.