АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Биыл бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленген ең жоғары зейнетақының көлемі 700 мың теңгеден асып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 14,4 триллион теңгеден асты. Жыл басынан бері қордағы ақша 1,3 триллион теңгеге (10,2 %) өсті.
Биыл қаңтар мен желтоқсан аралығында зейнетақы шоттарына 1,5 триллион теңгеден астам қаражат түсті. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 30 процентке артық. Ал таза инвестициялық табыс 777 миллиард теңгені құрады. Оны салымшылардың арасында таратты.
Жыл басынан бері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,1 триллион теңгеге төлем жасалды. Басым бөлігі - 902 миллиард теңге тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге жұмсалды. Ал зейнет жасқа жеткен азаматтарға берілетін төлемдердің мөлшері де 22,6 процентке ұлғайып, 109 миллиард теңгеге жетті.
"БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 29 876 теңгені, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 707 326 теңгені құрады", - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, басқа да төлемдер жасалды. Олар:
мұрагерлік бойынша төлемдер – 55,8 млрд теңге;
Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 45,3 млрд теңге;
мүгедектік бойынша төлемдер – 2,2 млрд теңге;
жерлеу төлемдері - 4,9 млрд теңге;
сақтандыру ұйымдарына аударылған төлемдер - 23,2 млрд теңге