Саясат

Тоқаев пен Мирзиёев тарихи құжатқа қол қояды

Sputnik
АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді. Онымен Қазақстанның оңтүстік шекарасы халықаралық-құқықтық тұрғыда толығымен рәсімделеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін екі елдің президенттері шағын және кеңейтілген құрамда кездесті. Сол кезде Қазақстан президенті маңызды әрі тарихи құжаттарға қол қойылатынын айтты. Алдымен одақтастық қарым-қатынас туралы шарт рәсімделеді.
"Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айту емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді. Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды.
Сонымен қатар, келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты.
Ал Шавкат Мирзиёев шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын ерекше атап өтті.
Саясат
Өзбекстанға барған Тоқаев: тату көршілікке негізделген қатынасты жаңа деңгейге көтереміз