Тимур Бекмамбетов Ресейдегі киностудиясын сатып жіберді

Sputnik
АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Танымал кинорежиссер Тимур Бекмамбетов Bazelevs киностудиясын сатып жіберді, деп хабарлайды РБК порталы.
Киностудияны бас продюсер Лала Рустамова мен коммерциялық директор Тимур Асадов сатып алды. Рустамованың айтуынша, келісім нарықтық шартпен сатылды.

"Осы келісімді қамтамасыз еткен ақша – біздің 2022 жылда тапқан барлық табысымыз. Соның ішінде "Елки 9" кинопрокатынан және тағы басқа фильмдерден түскен қаржы, VOD-платформалардағы (онлайн-кинотеатрлар, стримингтік платформалар және тағы басқа интернет-алаңдар) контентке сатылған құқықтар бар", - дейді Рустамова.

Алайда киностудияның бас продюсері келісімшарттың нақты сомасын атамады.
Рустамова мен Асадов үлесі тең бөлінді. Ал киностудияның негізін қалаушы Бекмамбетов ресейлік бизнестен толығымен шығып кетті. Енді ол студияда "Ходжа Насреддин" анимациялық фильмінің авторы ретінде жалдамалы режиссер болып істейді.
Оған қоса, америкалық продакшн өзінде қалады. Келесі жылы Bazelevs-тің Ресейдегі немесе АҚШ-тағы продакшнге ребрендинг жасалады.
Айта кетері, Тимур Бекмамбетов Bazelevs киностудиясын 1994 жылы құрған. 2004 жылы кинокомпания "Ночной дозор" шығарды. Бұл фильм прокатта 26 миллион доллар жинады. Бұдан бөлек, Bazelevs-те "Елки" мен "Горько!" фильмдері түсірілді. Ал 2006 жылы кинокомпанияның Лос-Анджелес қаласындағы өкілділігі ашылды. Ол бөлек компания болып саналады.
Ол жерде "Особо опасен", "Президент Линкольн: Охотник на вампиров" және "Хардкор" түсірілді.
Қоғам
Тимур Бекмамбетов өзінен 29 жас кіші қызға үйленді