Видео 5 млн қаралым жинады: Петропавлда қызды "құтқарған" курсант марапатталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 21 желтоқсан - Sputnik. Петропавлда "интернет батыры" атанған ұлттық ұлан академиясының курсанты Санжар Ақанұлы марапатталды, деп хабарлады ұлттық ұлан академиясының баспасөз қызметі.
Бір апта бұрын TikTok әлеуметтік желісінде пайда болған бейнежазба жұртты тамсандырған. Жасырын бейнежазбада көшеде келе жатқан жас курсанттан қыз көмек сұрайды. Курсант қызды "жәбірлеушіден" қорғап қалады. Курсант видео эксперимент ретінде түсіріліп жатқанын байқамаған. Кейін актерлер бұл жағдай жай ғана әлеуметтік эксперимент болғанын айтқан.
Кіші сержант Санжар Ақанұлы
Блогер Владимир Пекарский тұрғындардың қызға көмекке келуге батылы жете ме әлде жетпей ме екенін көргісі келген. Эксперимент авторының айтуынша, қызға араша түскендер көп болмаған. Тек ұлттық ұлан академиясының екінші курс курсанты Санжар Ақанұлы ғана батылдық танытқан. Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде 5 миллионнан астам рет қаралды.
Айта кетері, кіші сержант Санжар Ақанұлы небәрі 18 жаста, Көкшетаудан, қазір Петропавлда оқиды.
"Маған бір қыз келіп: "көмектесіңізші, мені ұрып жатыр" деді. Ұлттық ұланның әскери қызметкері болғандықтан, көмектеспей өте алмадым. Ол қызды қорғап, оған көмектесемін деп шештім. Әлеуметтік эксперимент екенін кейін білдім. Менің ойымша, қиын жағдайдағы адамдарға көмектесу - әр адамның міндеті. Ұлттық ұлан академиясының қабырғасындағы командирлерім маған әрқашан осыны үйретеді", - дейді Санжар Ақанұлы.
Ұлттық ұлан батыл курсантты алғыс хатпен марапаттады.
Полицей мен фельдшер алматылықты өрттен құтқарды