АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Астанада теракті жасауға және билікті күшпен басып алуға дайындалған ер адамға қатысты тың дерек жарияланды.
Қалалық соттың мәліметінше, 15 жылға сотталған ер адам – ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкері.
Ш.есімді азаматқа Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды. Ол Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған уағызшылардың діни дәрістерін тыңдап, зерделеген.
"Ш. ішкі істер органдарының қызметкері ретінде қабылдаған антты бұзып, билікті күшпен басып алу және елдің конституциялық құрылымын өзгертуге бағытталған қылмыстың соңына түскен. Жақтаушыларын іздеп, радикалды террористік идеяларын насихаттаған, куәгерлерді 2022 жылғы 17 мамырда Астанада заңсыз митингке қатысуға үндеген. Содан кейін шет мемлекеттің елшілігі мен мемлекеттік органның ғимаратында лаңкестік жасап, жаппай тәртіпсіздіктерге арандатып, елде билікті күшпен басып алуды және шариғат орнатуды жоспарлаған", - делінген сот хабарламасында.
Сотта Ш. өз кінәсін мойындаған жоқ. Алайда радикалды ағымды ұстанатынын жоққа шығармады және өзін ақтауды өтінді.
Сот оның кінәсі мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды анықтамады, есесіне қабылдаған антты бұзу ауырлататын мән-жай деп танылды.
Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен Ш. 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушы мен оның адвокаты үкімге шағым түсірген. Алайда апелляциялық инстанция Ш.-ға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін ҰҚК Астана қаласында лаңкестікке дайындалған ер адам 15 жылға сотталғанын хабарлаған болатын.