АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Мемлекеттік қызметкерлер арасында 2021 жылғы табыс декларациясын тапсырудан жалтарудың 39 мың фактісі анықталды. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда жалпыға бірдей табыс декларациясын кезең-кезеңімен енгізуге шешім қабылданған болатын. Алдымен мемлекеттік қызметкерлер 2021 жылғы есебін тапсыруға міндетті.
"570 мыңнан астам декларация түсті. Алайда декларацияны тапсырмау фактілері де болды. Ондай адамдардың саны 39 мың болған. Барлығына тиісті ескертулер жіберілген. Соның нәтижесінде 10 мың адам табыс декларациясын тапсырды", - деді Жанәлінов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі кезде қалған 29 мың адамның декларацияны не себепті тапсырмағаны анықталып жатыр. Олар да түсініктеме беруге тиіс. Табыс декларациясын тапсырмаған мемлекеттік қызметкерлердің арасында жұмыстан шығып кеткен адамадар да болуы мүмкін. Бірақ олар туралы мәліметтер комитетте қала береді.
"Айыппұлдар салынбаған, барлығына ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылды", – деп атап көрсетті Жанәлінов.
Айта кетері, табыс пен мүлік туралы декларация тапсыру шаралары мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларынан басталған. 2023 жылы мемлекеттік кәсіпорындарда (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт) істейтін қызметкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі.