АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қалалардағы жылу желілерінің жай-күйі туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде жылу желілерінің жартысына жуығы әбден тозған, оларды ауыстыру қажет.
"Бүгінде қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды. Оның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, орташа тозу деңгейі – 55 процент. Қажетті инвестиция көлемі шамамен 2,2 триллион теңге", - деді Өскенбаев үкімет отырысында.
Әкімдіктердің деректері бойынша табиғи монополиялардың 83 субъектісі 74 қалада жылумен жабдықтау қызметін көрсетеді.
Соның ішінде 61 коммуналдық кәсіпорынның теңгерімінде 10,2 мың шақырым (52%-ке тозған), 22 жеке субъектінің теңгерімінде 1,9 мың шақырым жылу желісі бар (70 пайызы тозған).
45 қалада желілердің тозу деңгейі 50%-тен төмен, ұзындығы – 4,3 мың шақырым. Желілердің 1,4 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, оларға 52 табиғи монополиялар субъектісі қызмет көрсетеді, соның ішінде мемлекеттік – 39, жеке – 13.
19 қалада желілердің тозу деңгейі 50%-тен 70%-ке дейін, ұзындығы 5,9 мың шақырымды құрайды. Соның ішінде 3,7 мың шақырымын ауыстыру қажет. Желілер 20 субъектінің теңгерімінде (мемлекеттік - 15, жеке - 5). 7 қалада желілердің тозу деңгейі 70%-дан асады, ұзындығы 1,9 мың шақырым. Соның ішінде 1,6 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, олар 7 субъектінің теңгерімінде (мемлекеттік – 4, жеке - 3).
Риддер, Шемонаиха және Арқалық қалаларында төрт субъект бойынша ұзындығы 52 шақырым болатын желілердің нормативтік пайдалану мерзімі өтіп кеткен, яғни 25 жылдан асады, дейді Өскенбаев.