АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. "Яндекс Go" такси қызметінің пайдаланушылары тапсырыс кезінде қиындық туындағанын хабарлады.
Қазақстандықтардың айтуынша, такси шақырған кезде смартфон экранында белгісіз қате туралы хабарлама пайда болады.
Компаниядағылар Sputnik Қазақстан тілшісінің сауалына ұсынған жауап бойынша, расында да қосымшада ақау болған.
"Техникалық себептерге байланысты кейбір пайдаланушылар көлікке тапсырыс беру кезінде қиындық туындаған. Қазір қызмет штатты режимде жұмыс істеп тұр. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз және мұндай жағдай қайталанбауы үшін барлығын жасап жатырмыз", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Бейсенбіде Қазақстанның монополияға қарсы агенттігі "Яндекс.Таксидің" тариф белгілеуін тексеріп жатқаны хабарланды.
Биыл қаңтар айында агенттік такси парктерінің экономикалық қызметін үйлестіру белгілері бойынша "Яндекс.Таксиге" қатысты монополияға қарсы тергеу жүргізгені туралы хабарлады.
Бұдан кейін агенттік "Яндекс.Таксидің" Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы 45 серіктесі бірдей тариф белгілегенін мәлімдеді.