АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. Халыққа елді жаңғыртуға қатысты ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік беретін Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылды, деп хабарлайды ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Қосымша президенттің тапсырмасымен жасалды. Сервистің көмегімен билік қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасай алады.
"Мобильді қосымшаға келіп түскен қоғамдық-саяси маңызды ұсыныстар мемлекеттік стратегиялық жұмыстарды жоспарлауға және "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын сапалы іске асыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті министрлік.
Quryltai сервисіне келіп түскен ұсыныстар халықтың дауыс беруіне шығарылады және ең көп дауыс жинаған ұсыныстар Ұлттық құрылтайдың алдағы отырыстарының күн тәртібіне енгізіледі.
Quryltai сервисін "eGov Mobile" мобильді қосымшасынан таба аласыздар.
Сондай-ақ ең маңызды ұсыныстар азаматтық қоғам мен сарапшылардың қатысуымен "Хабар" телеарнасында ұйымдастырылатын "Ұлттық құрылтай" циклында талқыланады.