АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. Үкіметте коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Ресми мәліметке сәйкес, қараша айының басынан бері республика бойынша коронавирусты жұқтырған адамдардың саны өсіп келеді. Тәулігіне 235 (КВИ+) науқас тіркеледі. Бұдан бөлек, 40 адамда КВИ- анықталып тұрады.
Соңғы бір аптаның ішінде вирусты жұқтыру көрсеткіші 21 процентке арттты. Аптасына 1 001-1 283 жағдай тіркеледі.
"Бүгінгі таңда барлық өңір – "жасыл" аймақта. Сонымен қатар 15 өңірде R көрсеткіші бірліктен жоғары, бұл инфекцияның таралуының өсуінің белгісі. Ал бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, R көрсеткіші 1-ден жоғары болса, қоғамдық орындарда бетперде тағу ұсынылады", - деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Вице-премьер Алтай Көлгінов мемлекеттік органдардың басшыларына, әкімдіктерге халықты вакциналау және ревакцинациялау жұмысын жандандыруды, халық арасында түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды.