АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. Елордада 16 желтоқсан күні шаңғы-роллер тасжолында Тәуелсіздіктің 31 жылдығына арналған қысқы спорт маусымының ашылуы өтеді.
Іс-шара аясында шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс және белбеу күресі секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық спорт басқармасы баспасөз орталығының мәліметінше, жарысқа жеке спорттық жабдықтары бар кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Тіркелу үшін жеке куәлік қажет.
"Астанада қысқы спорттық маусым алғашқы бұқаралық шаңғы жарысымен ашылады. Жыл сайын қысқы спорт түрлерінен маусымның ашылуына қаланың мыңдаған тұрғыны мен қонағы жиналады. Олардың арасында мектеп оқушылары, студенттер, күш құрылымдарының қызметкерлері және қоғам өкілдері спорт жарыстарына қатысып, күш сынасады", - дейді қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Шараға қатысушыларды тіркеу таңғы сағат 09:30-да, ал шаңғы жарысы мен спорттық сайыстар сағат 11:00-де шаңғы-роллер тасжолында (саябақ аймағында орналасқан Astana Park Hotel) басталады.
Қатысушыларға старттық нөмірлер әрбір жас тобына қарай жарыс басталмастан 30 минут бұрын беріледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер әр жас тобы бойынша бағалы сыйлықтармен, дипломдармен және медальдармен марапатталады.