АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. Қорғаныс министрлігі мен қаржы нарығын реттеу агенттігі мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбаздарға кредит каникулын беруге келісті. Екі мекеменің басшылары арнайы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Меморандумға сәйкес, мерзімді қызметте жүрген әскери қызметшілердің барлық кредиті бойынша төлемдер кейінге шегеріледі. Банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыздарды талап ете алмайды.
Кредит каникулын беру тәртібі бойынша әскерге шақыру науқаны кезінде сарбаздың жиналған банк қарыздары мен шағын несиелері туралы мәліметтер бірден қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне түседі.
"Осы деректердің негізінде кредиторлар негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және берешекті өндіріп алуды тоқтата тұру мәселелерін пысықтайды. Төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде кредитор сотқа беруді, берешекті өндіріп алу мақсатымен атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа жүгінуді, тұрғын үйді сатуды, қарыз алушының отбасын пәтерден шығаруды тоқтата тұрады", - делінген ресми хабарламада.